Visit Shymkent

Шымкентте Startup Orda-2026 инкубациялық бағдарламасы басталды

Шымкентте IT саласында өз жобасын дамытқысы келетін жастар мен стартап командаларына арналған Startup Orda-2026 инкубациялық бағдарламасы басталды. Astana Hub-пен бірлесіп ұйымдастырылып отырған жоба өңірдегі технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға, тың идеяларды нақты өнімге айналдыруға және жас стартаптардың нарыққа шығуына қолдау көрсетуге бағытталған.

Бағдарламаның ресми ашылуы «Шымқала» мәдени-тарихи орталығында өтті. Opening Day іс-шарасына бағдарламаға өтінім берген 150 стартапер қатысып, жоба командасымен, трекерлермен және алдағы оқу кезеңдерімен танысты.

Кездесу барысында қатысушыларға стартапты дамытудың негізгі кезеңдері, бағдарламаның құрылымы мен алдағы мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар идеяны қалыптастыру, гипотезаларды тексеру және жобаны нақты өнімге айналдыру жолдары түсіндірілді.

Startup Orda-2026 бағдарламасы төрт апталық буткемптен басталады. Осы кезеңде қатысушылар мастер-кластар мен воркшоптарға қатысып, өз идеяларын нақтылап, гипотезаларын тексеріп, жобаларының бизнес-моделін қалыптастырады.

Жалпы үш айға жоспарланған бағдарлама идеядан бастап алғашқы жұмыс істейтін өнімге дейінгі кезеңдерді қамтиды. Қорытынды кезеңде командалар Demo Day аясында өз жобаларын сарапшыларға, серіктестерге және қонақтарға таныстырады.

Бағдарлама аясында қатысушылар жобаны талдау, өнімді жетілдіру, гипотезаларды тексеру және нарыққа шығу тәсілдерімен қатар, заманауи цифрлық құралдарды меңгереді.

Шымкенттегі Startup Orda бағдарламасының бұған дейінгі легіне 50-ден астам өтінім түсіп, 20 қатысушы бағдарламаны соңына дейін аяқтаған. Қорытынды Demo Day барысында қатысушылар өздерінің MVP жобаларын таныстырды. Олардың қатарында Odos AI, Pulse AI және valik.kz секілді жобалар бар.

Русский

Қазақша

English