2026 жылғы 25 қазанда Шымкент қаласындағы ShymCity Park аумағында Республика күніне орай «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Батпырауықтар» фестивалі өтті.
Фестивальдің мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлау, отбасылық демалыс мәдениетін дамыту және Шымкенттің туристік әлеуетін кеңінен таныту.
Іс-шара барысында бір мезетте 1000 батпырауық ұшырылып, батпырауықтар сайысы, алып батпырауықтар шоуы, балаларға арналған шеберлік сабақтары мен түрлі интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды. Қонақтар концерттік бағдарламаны, би ұжымдарының өнерін және диджейлердің қойылымдарын тамашалады. Сондай-ақ балаларға арналған аниматорлар, сабын көпіршіктері шоуы және арнайы демалыс аймақтары жұмыс істеді.
Сонымен қатар фестиваль аясында 200-ге жуық мотоциклшінің қатысуымен мотоцикл маусымының жабылу рәсімі өтті.
Фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарына отбасымен бірге уақыт өткізуге, ашық аспан астындағы мерекелік атмосферадан ләззат алуға және мерекелік күнді ерекше әсермен өткізуге мүмкіндік берді.



