Visit Shymkent

Шымкентте қолөнер шеберлерінің халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтті

21–22 қараша күндері Шымкент қаласында «MIRAS» халықаралық түркі әлемі этнодизайнерлер форумының ұйымдастырылуымен қолөнер шеберлерінің кең ауқымды көрме-жәрмеңкесі өтті. Екі күнге созылған форум дәстүрлі өнерді дәріптеп, этнодизайн саласындағы мамандардың басын қосты.

Іс-шараның екінші күнінде «Қызғалдақ» сарайында арнайы көрме-жәрмеңке өткізіліп, оған түрлі елдер мен өңірлерден келген шеберлер қатысты. Қолөнер мамандары зергерлік бұйымдарын, табиғи материалдардан дайындалған этностильдегі киімдерін және ұлттық нақыштағы өнер туындыларын жұртшылық назарына ұсынды. Қонақтар бұйымдарды сатып алып қана қоймай, олардың жасалу жолы мен мән-маңызы туралы шеберлермен пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Көрме барысында өткен шеберлік сабақтары қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Этнодизайн саласының кәсіби мамандары ұлттық бұйымдарды жасау техникасын көрсетіп, өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар киіз басу, кестелеу, зергерлік өңдеу секілді дәстүрлі қолөнер тәсілдерін жақыннан көріп, олардың қыр-сырына қанықты.

«MIRAS» форумы түркі халықтарының мәдени мұрасын насихаттауға, ұлттық өнер мен этнодизайн бағытындағы шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға өз үлесін қосты. Шымкент қаласында ұйымдастырылған бұл шара мегаполис тұрғындары мен қонақтарын дәстүрлі өнердің бай әлемімен тағы да жақындата түсті.

Русский

Қазақша

English