2026 жылғы 4–6 шілде аралығында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен тревел-блогерлер мен контент-мейкерлерге арналған үш күндік мастер-класс өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың заманауи цифрлық контент жасау дағдыларын дамыту, туризм саласына қызығушылығын арттыру және Шымкент қаласының туристік әлеуетін сапалы медиаконтент арқылы насихаттайтын жаңа буын контент-мейкерлерін қалыптастыру.
Мастер-классқа Шымкент қаласында контент жасау бағытында белсенді жұмыс істейтін 40-тан астам жас қатысты. Коуч-тренер ретінде елімізге танымал видеограф, тревел-блогер және медиатренер Талғат Бекмағамбетов (Talashin) шақырылып, қатысушылармен өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Үш күндік оқу бағдарламасы аясында әлеуметтік желілерге арналған сапалы контент әзірлеу, кадр композициясы, мобильді және кәсіби камералармен бейнетүсірілім жүргізу, дронды тиімді пайдалану, бейнемонтаж, сторителлинг, Reels және TikTok форматындағы бейнероликтерді дайындау, жеке брендті дамыту және аудиториямен тиімді байланыс орнату бағыттары бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізілді.
Практикалық бөлім барысында қатысушылар Шымкент қаласының туристік нысандары мен көрікті жерлерінде түсірілім жұмыстарын жүргізіп, кәсіби маманның жетекшілігімен сапалы контент әзірлеудің қыр-сырын меңгерді. Сонымен қатар әр қатысушы өз жұмыстарын ұсынып, кәсіби талдау мен ұсыныстар алды.
Мастер-класс жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, туризм саласындағы цифрлық контент сапасын арттыруға және әлеуметтік желілер арқылы Шымкент қаласының туристік тартымдылығын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды бастама болды.




