Visit Shymkent

Visit Shymkent және «Ордабасы» футбол клубы қала тұрғындарына арналған викторина өткізді

Шымкенттің ең көрікті орындарының бірі – Арбатта ерекше атмосферада қызықты шара өтті. Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығы мен «Ордабасы» футбол клубы бірлесе отырып, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған танымдық викторина ұйымдастырды.

Шараның басты мақсаты – шымкенттіктер мен қала қонақтарының өз өңірінің тарихы мен туристік нысандары туралы білімін арттыру, сондай-ақ туризм мен спортты біріктіре отырып, тұрғындардың бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік жасау болды.

Викторина барысында қатысушылар Шымкенттің мәдени, тарихи және табиғи нысандары туралы сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынап көрді. Қаладағы танымал демалыс орындары, тарихи ескерткіштер мен заманауи туристік бағыттар жайлы қызықты деректер айтылды.

Шараға келген әрбір қатысушы жылы эмоциялар мен жақсы көңіл-күйге бөленді. Белсенді азаматтарға «Ордабасы» футбол клубынан және Visit Shymkent орталығынан естелік сыйлықтар табысталды.

Осындай шаралар арқылы ұйымдастырушылар Шымкент қаласының туризм әлеуетін арттыруға, тұрғындар арасында туған қалаға деген сүйіспеншілікті күшейтуге және жергілікті брендтерді насихаттауға бағытталған бастамаларды жалғастыруды көздеп отыр.

Visit Shymkent алдағы уақытта да қала тұрғындары мен қонақтарына арналған танымдық және мәдени жобаларды ұйымдастыруды жоспарлауда.

Русский

Қазақша

English