Шымкент қаласында өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында үш күндік халықаралық ақпараттық пресс-тур өз жұмысын бастады. Іс-шараға Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінен және Қазақстанның өзге өңірлерінен келген 30 блогер мен медиа өкілі қатысуда.
Пресс-турдың негізгі мақсаты – Шымкент қаласының тарихи, мәдени және туристік нысандарын таныстыру арқылы өңірдің туристік имиджін халықаралық және отандық ақпараттық кеңістікте нығайту.
1-күн: Көне Сайрамға таныстырылым сапары
Қатысушылар алғашқы күнді Ұлы Жібек жолының маңызды тарихи орталықтарының бірі – Город-Сайрам (Испиджаб) қалашығынан бастады. Бағдарлама аясында:
- «Shym-Qala» тарихи-мәдени кешені,
- «Алтын Орда» көркемсурет галереясы,
- Шымкент ипподромында ұйымдастырылған ұлттық спорт түрлерінің (көкпар, жамбы ату) көрсетілімі ұсынылды.
Кешкі уақытта делегация Miras Tazalyq экологиялық жобасымен танысып, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі – Арбат аймағында болды.
2-күн: Рухани мұра мен табиғи аймақтарға саяхат
Пресс-турдың екінші күні қатысушылар:
- Сейтжан Қари Есжанұлы атындағы үлкен мешітке,
- Қаланың биік нүктелерінің бірі саналатын «Байдібек би» монументіне,
- Дендрологиялық паркке,
- Шымкент зообағына,
- сондай-ақ жылыжай кешені «Банан бауға» барды.
Қонақтар өңірдің экотуризм және отбасылық демалыс бағыттарының потенциалына жоғары баға берді.
3-күн: Батпырауықтар фестивалімен түйінделетін күн
Үшінші күні делегация ShymCity Park аумағында өтетін Батпырауықтар фестиваліне қатысады. Іс-шара барысында блогерлер мен медиа өкілдері қала тұрғындарымен еркін форматта пікір алмасып, Шымкенттің заманауи мәдени және демалыс инфрақұрылымымен танысады.





