Visit Shymkent

SHYMKENT POP UP STORE: ШАБЫТ, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ДИЗАЙНЕРЛЕР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Қазан айының басында Шымкент қаласы еліміздің түкпір-түкпірінен келген шығармашылық орта өкілдерінің басын қосқан мәдени және сән орталығына айналды.

10 қазан күні «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталық ұйымдастырған арнайы қалалық тур барысында дизайнерлер Шымкенттің тарихи және мәдени нысандарымен, туристік әлеуетімен және заманауи креативті кеңістіктерімен танысты. Аталған тур күздің басты сән оқиғасы – SHYMKENT POP UP STORE көрмесінің кіріспе шарасы ретінде өткізілді. Көрме 11–12 қазан күндері ЦУМ сауда үйінде ұйымдастырылып, Қазақстанның әр өңірінен келген дарынды дизайнерлер мен қолөнер шеберлерін біріктірді.

Іс-шара аясында заманауи сән индустриясы мен қолданбалы өнер саласындағы жаңа бағыттар таныстырылды. Көрмеде отандық дизайнерлердің авторлық киім үлгілері, аксессуарлар мен қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.

Екі күнге созылған шараның бағдарламасы мазмұнды және көпқырлы болды. Оған:

  • ароматерапия бойынша шеберлік сабақтары және жеке хош иіс жасау тәжірибесі;
  • қолөнершілердің шығармашылық шеберханалары;
  • концерттік бағдарлама енді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, SHYMKENT POP UP STORE жобасы креативті индустрияларды дамытуға, туристік бағыттарды кеңейтуге және қаланың мәдени имиджін қалыптастыруға оң әсер етеді.

 

Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының баспасөз қызметі.

Русский

Қазақша

English