19 шілде күні Арбат жаяу жүргіншілер аллеясында алғаш рет «Street Food Fest» көше тағамдары фестивалі өтті. Дәм мен көңіл-күй тоғысқан бұл шара қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше гастро-атмосфера сыйлап, Шымкенттің көше тағам мәдениетін жаңа қырынан көрсетті.
Фестиваль бағдарламасында аспаздардың шеберлік сағаттары, көше билері, жанды әуен, сондай-ақ қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мерекенің басты жаңалығы — салмағы 67 келі болатын алып бургердің әзірленуі болды. Бұл ерекше бургер «КИнЭС» рекордтар кітабына еніп, Қазақстандағы «Ең үлкен гамбургер» ретінде ресми түрде тіркелді.
Шараның негізгі мақсаты — Шымкенттің гастрономиялық мәдениетін дамыту, жергілікті брендтерді қолдау және қаланың туристік тартымдылығын арттыру.
Фестиваль аясында қаланың танымал тамақтандыру орындары арасында байқау өтіп, үздіктер қазылар алқасының бағалауымен анықталды. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен марапаттар табысталды. Ал алып бургер кейін «City» қонақ үйіне беріліп, қала қонақтарына үлестірілді.
Фестиваль Шымкенттің креативті, заманауи және қонақжай бейнесін айқын көрсетіп, жаздың шуақты күнінде жақсы көңіл мен дәмнің мерекесіне айналды.
Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының баспасөз қызметі.






