Шымкент қаласында жаңа заманауи өнер кеңістігі — KIIZSPACE өз есігін айқара ашты. Бұл жаңа орталық бірден қала өнерсүйер қауымының және шығармашылық орта өкілдерінің назарын аударды. Арт-орталық Токаев көшесі, 11 мекенжайында орналасқан және күн сайын сағат 11:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді.
KIIZSPACE-тегі алғашқы көрме суретші Аққали Закирдің шығармашылығына арналған. Оның туындылары толықтай ақ-қара түсте орындалған. Бұл қарапайым көрінген палитраның өзінде терең философиялық ой мен форма, кеңістік және шекара ұғымдарына деген ерекше көзқарас жатыр.
Аққали өз еңбектерінде ішкі тыныштық пен тепе-теңдікті жеткізуді мақсат етеді. Ол түссіз әлемде де тереңдік пен сезім бар екенін көрсетеді. Қара мен ақтың арасындағы шекара көрерменді ойлануға, өз көзімен емес — жүрегімен көруге шақырады.
KIIZSPACE тек көрме өткізу орны емес, ол — заманауи өнер зертханасы, мұнда суретшілер, кураторлар және көрермендер ой бөлісіп, жаңа идеялармен шабыттана алады.
Бұл орталықтың ашылуы Шымкенттің мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды. Оңтүстіктегі заманауи өнер жаңа серпін алып, шығармашылықтың жаңа кеңістігін қалыптастырып келеді.



