1992 жылы сәуір айында тарихшы, профессор М. Мирхалдаровтың бастамасымен ашылды.
Басты бет | Мәдени-тарихи нысандар | Сайрам музейі
Сайрам музейі 1992 жылы сәуір айында тарихшы, профессор М. Мирхалдаровтың бастамасымен ашылды.
Сайрам музейі қорында 9 мыңға жуық жәдігер бар. Музей экспозициясы 10 залдан тұрады.
«Археология» экспозициялық залы: Жер астынан табылған көне заманғы қыш бұйымдар, дәрілік ыдыстардың жасау кезінде пайдаланған ошақтың бөлшектері қойылған. Музей залындағы қыш құмыралар, ыдыстар, еңбек құрал-жабдықтары өлкенің көне замандағы тарихы мен мәдениетінен мағлұмат береді.
«Исфиджаб қаласының шаруашылығы» экспозициялық залы: Қоқан хандарының суреттері, сол уақытта әйелдердің киген пәренжісі қойылған. Сондай-ақ, еңбек құралдары, сауда-саттықта пайдаланған темір аспалы және жер таразылары, ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Сайрамдағы саяси-әлеуметтік оқиғалар, тарихи тұлғалар өмірі жайында баяндайтын құнды фотосуреттер, құжаттар, заттық деректер қойылған.
«Қоныс аударған славяндардың тұрмысы» экспозициялық залы: Славян халықтарының салт-дәстүрі, музыкалық аспаптары, дәстүрлі шараушылығы, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, ыдыс-аяқтары мен пайдаланған заттары ұсынылған.
«Тәуелсіздік» экспозициялық залы: Желтоқсан оқиғасы — 1986 жылы 17-19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдарынан сыр шертетін фотосуреттер, ҚР Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жетістіктері туралы мәліметтер қойылған.
«Табиғат» экспозициялық залы: Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен құстар, тау жыныстары, дәрілік өсімдіктер коллекциясы ұсынылған.
«Қазақ этнографиясы» экспозициялық залы: Қазақ халқының ерте замандардан келе жатқан руханияты мен салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігін және ата-бабаларымыздың тұрмыста қолданған заттары, түрлі әшекей-бұйымдары, киіз үйдің бөлшектері, киімдері, ыдыстары қойылған. ХІХ-ХХ ғғ. бас кезінде қолданған әшекей-бұйымдар, үй жиһаздары, тұрмыстық заттар, ер-тұрмандары бар.
«Екінші дүниежүзілік соғысы» экспозициялық залы: Сайрамнан шыққан Кеңес Одағының батырларының, соғыс ардагерлерінің киімдері, орден-медальдары, құжаттары қойылған. Музейде 100-ге жуық жауынгерлердің заттары, тарихи суреттері жиналған.
«Өзбек этнографиясы» экспозициялық залы: Өзбек халқының ерте замандардан келе жатқан руханияты мен салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі және тұрмыста қолданған заттары, түрлі әшекей-бұйымдары, киімдері, тоқыма заттары, ыдыстары, музыкалық аспаптары қойылған.
«Еңбек ардагерлері» экспозициялық залы: Досметов Сыдық, Жамалов Ордабек, Н. Юлдашев, Ж. Аязбаев, С. Мирсултанова, С. Юлдашев, Н. Сулейманов, Х. Абдукадирова, Ш. Досметов, Ю. Мадиев, Т. Хайтметовтардың суреттері, ордендері, медальдары, құжаттары, алғыс хаттары қойылған.
«Тарихи-орындар» экспозициялық залы: Сайрам мекенінің архитектуралық ескерткіштерінің суреттері атап айтсақ, Ибраһим ата кесенесі, Қарашаш ана кесенесі. Мірәлі баба, Әбдел Әзіз бап кесенелерінің суреттері қойылған. Арабша кітаптардан «Насабнама», «Құран Кәрім» т.б. кітаптар бар.