Бұл ғимарат – Шымкент қаласының мәдени тарихындағы маңызды орын.
Басты бет | Әлеуметтік-мәдени нысандар | Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қалалық филиалы (Достық үйі)
Бұл ғимарат – Шымкент қаласының мәдени тарихындағы маңызды орын. 1970-жылдары «Қазақстан» кинотеатры ретінде салынып, ондаған жылдар бойы қала тұрғындарына қызмет көрсетіп, мәдени өмірдің ордасы болды. 2014–2015 жылдары күрделі жөндеуден өткізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қалалық филиалына берілді. 2017 жылғы 27 сәуірде Елбасы Н. Назарбаев Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары барысында жаңа кейіпке енген «Достық үйінің» ресми ашылуын өзі өткізді. Ғимараттың алдындағы «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі – соғыс және депортация жылдарында тағдырдың айдауымен қазақ жеріне келген өзге этнос өкілдерін жатсынбай бауырына басып, қамқорлық көрсеткен мемлекет құраушы қазақ халқына алғыс ретінде өңірдегі этнос өкілдерінің бастамасымен орнатылған.
Төрт қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі 4 454 шаршы метрді құрайды. Онда этномәдени бірлестіктердің кеңселері, жұмыс кабинеттері орналасқан. Ассамблеяның тиімді қызмет атқаруына қажетті заманауи материалдық-техникалық база қарастырылған: 800 орындық үлкен концерт залы, студиялар, дайындық және киім бөлмелері бар. Қазіргі таңда ғимараттың төменгі қабатында түрлі этностардың би үйірмелеріне арналған хореография залы, хор үйірмесі, көркемөнерпаздар ұйымы және тіл мектебіне арналған кабинеттер жұмыс істеуде. Бұл орталық этностардың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтап, дамытуға мүмкіндік береді және этносаралық келісім мен бірлікті нығайтатын маңызды орын болып саналады.