Мәдени-тарихи нысандар
Цитадель
Сипаттамасы: Жергілікті маңызы бар, тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының архелогиялық нысаны. 2003-2004 жылдар аралығында қазба нәтижесінде қаланың 2200 жылдық тарихы дәлелденген.
Археологтар қала дамуының бірнеше кезеңін сараптаудан өткізді. Қамал (Цитадель) қаланы жаудан қорғап тұрған бекініс болды. Қалашықтың қазіргі сақталған бөлігі қоршалған шахристан мен цитадель деп белгіленген.
Цитадель қалашықтың ең көне аумағы, I-XIX ғасырларды қамтиды, бұнда ертеректе, билеушінің сарайы, әскери қолбасшының үйі, сауда алаңы орналасқан. Қазіргі таңда, кешен ашық аспан астындағы музей.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, ​Әйтеке би көшесі 30/29
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы мұражай
Сипаттамасы: Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы мұражай. 2005 жылы Шымкентте Қазақ КСР-ның белгілі саяси қайраткері және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мұражайы ашылды. Дінмұхамед Қонаев - теңдесі жоқ ұйымдастырушы, ол терең ой, кең эрудициямен ерекшеленді, бірақ оның басты сипаты - адамдарға деген сүйіспеншілігі. Қонаев атындағы Шымкент мұражайының экспозициясында келушілердің назарына 400-ге жуық экспонат ұсынылды, оның ішінде жеке заттар, фотосуреттер, портреттер, құжаттар, қолжазбалар, бейне материалдар және тағы басқалар бар.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Қонаев даңғылы
Ерлік мұражайы
Сипаттамасы: Ерлік мұражайы. «Ерлік» мұражайы 2012 жылы желтоқсан айында жасақталып, ашылды. 2013 жылы 19 шілдеде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының филиалы болып бекітілді. Мұражай 1941-1945 жылдардағы ҰОС мен 1979-1989 жылдар аралығындағы Ауған соғысы тарихынан сыр шертеді.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Жеңіс саябағы
Қасірет мемориалы
Сипаттамасы: Қасірет мемориалды кешені саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап салынған, 1937-1938 жылдары көп адамның қаны төгілген Албастысай сайында орналасқан. 30-шы, 40-шы және 50-ші жылдардың басында болған саяси қуғын-сүргін мыңдаған адамның өмірін қиды. Қазақстанда 101 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 27 мыңы атылды. Олардың ішінде 7 мың адам Оңтүстік Қазақстаннан болды. Мемориал қатаң стилінде орындалған: екі темір тордың ішіне мәрмәр кесектер қойылған, қабырғадағы тордың артында жылап жатқан көз бейнеленген. Қасында құрбандар жерленген жерді үлкен тас жауып тұр. Төбеде баласын ұстап тұрған ана мүсіні орнатылған. Ескерткіш төңірегінде тыныш, әдемі мемориалды саябақ құрылған. Жасыл шөбі, хош иісті раушан гүлдері, жемісті ағаштары бүкіл қасіретке қарамастан тарих, өмір және сұлулық жалғасу керек деген бізге ескерту. Жыл сайын 31 мамыр күні Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтіледі.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Н.Назарбаев даңғылы мен Бәйдібек би даңғылы қиылысында орналасқан.
Қылует этномұражайы
Сипаттамасы: Қылует этномұражайы Шымкенттегі ерекше орындардың бірі болып табылады. Кендебай Карабдаловтың қолымен құрастырылған, ол Тұрлан экспедициясы аумағында орналасқан. Кендебай Қарабдалов – суретші, музыкант, тарихшы және философ, ежелгі қазақ мәдениетін алға жылжыту мақсатында этномузейлер жасады. Ежелгі балшықтан жасалған құмыралар жасаумен, әсіресе Отырар қалашығынан табылған бұйымдардан шабыттанған.
Музейден сіздер қазақ халқының ежелгі тұрмыс-салтын бейнелейтін саздан жасалған түрлі тұрмыс бұйымдарын, құмыралар мен 10-нан артық музыкалық аспаптарды көре аласыздар.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Тұрлан шағын ауданы, Қазақстан көшесі №41
Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы
Сипаттамасы: Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы - 2001 жылдың қараша айының 2 жұлдызында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл толуына орай ашылды. Республикамызда алғаш жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып ашылған бұл мұражай мемлекетіміз бен қоғамымызда әділеттілікті қалпына келтірудегі және өткен ғасырдың саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдырудағы қамқорының айқын дәлелі. Мұражайдың сыртқы сәулеті мен ішкі дизайны қуғын-сүргін құрбандарына арналып салынған.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Рысқұлбеков көшесі. Даңқ мемориалына қарама-қарсы
Тарихи өлкетану мұражайы
Сипаттамасы: Тарихи өлкетану мұражайы -1920 жылы негізі қаланған. Мұражай қаланың көрнекті мәдени ошақтарының бірі. 96 жылдан астам тарихы бар мұражайдың басты міндеті –жергілікті халыққа және облыс қонақтарына өлкеміздің керемет табиғат байлықтарымен, тарихы және мәдениетімен таныстыру. Бүгінде мұражай қорында 93000 мыңнан астам жәдігерлер сақталған. Жәдігерлер жасалған материалы мен тарихына қарай бірнеше топтамаға бөлінеді: табиғат (палеонтология, геология, флора, фауна), металл, бейнелеу өнері, фотоқұжаттар, қару-жарақтар, ағаш бұйымдары, археология, газеттер, жүн-мақта бұйымдары. Қор сақтау бөлімінде жәдігерлер жасалған материалдарына қарай белгілі бір жүйемен орналастырылған. Мұражайға келушілердің саны жылына 100 мыңнан астам адамды құрайды.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Бәйдібек би даңғылы 115.
Хакім Абай музейі
Сипаттамасы: «Хакім Абай» музейі - Абай Құнанбайұлына арналып 2009 жылдың 22 қыркүйегінде Шымкент қаласындағы, Абай саябағынан ашылды. Мұнда оқушыларға арналып экскурсиялар жүргізіледі, бейнефильмдер көрсетіліп, лекциялар оқылады, сондай-ақ Абайдың шығармашылығына арналып ашық сабақтар өткізіледі. Мұражайдың жалпы көлемі 490 шаршы метр, оның ішіндегі 245 шаршы метр экспозиция залы.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Абай саябағы
Ретро автомобильдер музейі
Сипаттамасы: Қаладағы ретро машиналардың алғашқы мұражайы Шымкент тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады. Көрмеге қойылған әр көліктің өзіндік тарихы бар. Ретро гараж командасы шаң басып жатқан бұл машиналарға екінші өмір сыйлады деуге болады. Ерекше назар аударарлық жайт, барлық машиналар әліде жүруге жарамды. Музейде қалпына келтірілген 26 автомобиль қойылған. Әрқайсысы өзіндік кеңес заманындағы бастапқы күйде сақталған автомобильдер.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Төреқұлов көшесі
Даңқ мемориалы
Сипаттамасы: Майдан мен тылдың бірігуін бейнелейтін 35 метрлік обелиск және астындағы "мәңгілік алау" 1979 жылы салынды.
Аллея бойымен екі жағынан 200 метрге созылған қара тақтайшаларға осы өңірден шыққан 140 мыңға жуық жауынгердің есімдері қашалып жазылған.
Даңқ аллеясының ортасына "Жұлдыз" ескерткіші қойылған, онда қызыл гранитте облыстан шыққан Кеңес Одағының 51 батыры мен Даңқ орденінің 8 толық иегерінің есімі жазылған.
Аллеяда Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің құрметіне арналған әскери техниканың ашық аспан астындағы мұражайы орналасқан.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Абай саябағы
Made on
Tilda