Республика күні мерекесін тойлау аясында Шымкент қаласында креативті индустрия субъектілері өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды
2024 жылдың 24-ші қазанында Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы Креативті индустрия ассоциациясымен бірге «Республика күні» ұлттық мерекесін тойлау аясында «Tulip Hall» концерт залында креативті индустрия өкілдерінің көрмесін өткізді.
Көрмеге қаланың 17 шебері қатысып, әр түрлі зергерлік, киіз, тоқыма, былғары және т.б. өнімдерді ұсынды.
Көрменің басты мақсаты креативті индустрия кәсіпкерлеріне өз өнімдерін монетизациялауға қолдау көрсету, Шымкент қаласының креативті өнімдерін қалыптастыру және қолөнерді насихаттау болды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда қалада 2430 креативті индустрия кәсіпкерлері тіркелген. Оның ішінде 540 заңды тұлға және 1890 жеке тұлға.
Қолөнерді қолдау және дамыту мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі тұрақты негізде көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастырып отырады. Ағымдағы жылы Арбат жаяу жүргіншілер алаңында қаладағы қолөнершілердің қатысуымен 10 жәрмеңке ұйымдастырылып, 2 780 000 теңгеге 1450 қолөнер өнімдері сатылды.
Мұндай іс-шаралар қолөнердің ежелгі түрлерін сақтауға, талантты жас шеберлерді қолдауға және Шымкент қаласында креативті индустрияны дамытуға ықпалын тигізетіні сөзсіз.