Әлеуметтік-мәдени нысандар
Арбат демалыс аймағы
Сипаттамасы: Арбат демалыс аймағы 2018 жылы 1 желтоқсан күні ашылған. Жаяу жүргіншілерге арналған аймақтың ұзындығы - жарты километр, ені - 35 метр. Бұл жерде 7 субұрқақ пен велосипед жолы орналасқан. Сондай-ақ 90 орындық, 26 үлкен және 76 кішкентай шам орнатылып, Бейбітшілік көшесі мен Әл-Фараби алаңының қиылысы және Республика даңғылы аркамен безендірілген.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Бейбітшілік көшесі
Бейнелеу өнері галереясы
Сипаттамасы: Бейнелеу өнері ғимараты 2015 жылдың ақпан айында ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіхалықова және сол кездегі облыс әкімі А.И.Мырзахметовтың қатысуларымен салтанатты түрде ашылды. 2014 жылдың маусым айынан бастап, 2015 жылдың ақпан айына дейін музейге қосымша 3 зал қосылып, қызмет аясы кеңейді. Музейдің жалпы көлемі 2449 шаршы метр, оның ішінде экспозиция – 1600 шаршы метр, қор – 54 шаршы метр.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Мәделі Қожа көшесі 2В, Абай саябағы
Бәйдібек би ескерткіші
Сипаттамасы: «Бәйдібек би» ескерткіші – Шымкент қаласындағы ең биік ескерткіш болып табылады. Ескерткішті орнату үшін Шымкент қаласының солтүстіктегі ең биік нүктесі таңдалған – 220 метр. Мүсіннің биіктігі 10 м, тұғыр мен ескерткіштің өзін есепке алғанда монумент 23 метрді құрайды. Жалпы салмағы 9 тоннадан тұратын ескерткішті рекордтық мерзімде – 20 күн ішінде жасалынған. Бәйдібек Қарашаұлы (1356-1419) – аты шыққан би және қазақ халқының батыры, Ұлы жүздің албан, суан, дулат, сары, үйсін, шапырашты, ысты, ошақты сияқты қазақ руларының аты аңызға айналған бастаушысы. Әмір Темірдің (Ақсақ Темірдің) досы мен серігі болған. Халық арасында ол өзінің әділдігі, сөз тапқырлығы, адамгершілігі мен даналығымен белгілі болған.


Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы
Сипаттамасы: Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы 2014 жылдың желтоқсан айында Республикамыз бойынша тұңғыш рет шырайлы Шымқаламызда ашылды. Бұл еліміздің өзге өңірлері мен облыстарында жоқ бірегей орталық. Мұнда ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызға байланысты жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүйелі жүргізіледі.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Бәйдібек би даңғылы, 115/1
Әзіл-сықақ және сатира театры
Сипаттамасы: Әйгілі «Шаншар» әзіл-сықақ театрының базасында құрылған еліміздегі тұңғыш мемлекеттік сатира және әзіл-сықақ театры қысқа мерзім ішінде өз көрерменін таба білді. Қазіргі таңда 30-дан астам адам театр группасында жұмыс істеуде. Театр өзінің стилі мен деңгейі жөнінен өзге өнер ұжымдарынан ерекшеленеді.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі 21
Әл-Фараби атындағы алаң
Сипаттамасы: Әл-Фараби атындағы алаңда қаладағы барлық салтанатты іс-шаралар өткізіледі. Алаң қаланың орталығында орналасқан. Концерт, жәрмеңке, түрлі өнерлік көріністер өтеді. Сондай-ақ, алаң дәстүрлі мейрамдар өткізетін нысан болып табылады.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Әл-Фараби алаңы
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми әмбебап кітапханасы
Сипаттамасы: Кез-келген оқырманның талғамынан шығатын бұл ғимараттың қорында 650 мыңнан астам кітап бар. Әлемдік стандарттарға сай жаңадан салынған кешеннің ерекшелігі – мұнда оқырмандарға арналған мамандандырылған залдар, конференц-аудиториялар, интернет бөлмелер ашылған. Мәдени кешеннің ерекшелігі мұндағы залдар техниканың соңғы үлгісімен жабдықталған. Сәулет өнерінің соңғы үлгісімен салынған бұл нысан қаланың ажарын ашып, өзіндік келбетін қалыптастыруда елеулі орын алуда.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Назарбаев даңғылы, 8
Жер Ана тәуелсіздік монументі
Сипаттамасы: «Жер Ана» тәуелсіздік монументі – бұл архитектуралық композиция туған жердің кеңдігін, бейбітшілік пен халықтар келісімін белгілейді. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерінің қиылысында орын тепкен. Биіктігі 34 метрді құрайтын бұл монументпен «Тәуелсіздік» саябағының арасын «Мемлекеттік рәміздер» алаңы мен ұзындығы 104 метрді құрайтын «Алтын көпір» жалғастырып тұр.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Ордабасы алаңы.
Ипподром
Сипаттамасы: Нысан елдегі ең ірі болып табылады және оңтүстік аймақтың басты көрікті жерлерінің бірі болуға ұмтылады.
Ипподром 1500 көрерменге арналған. Ат аренасы мен манеждерден басқа, 53 ат қорасы, жабық стенд ғимараты, ветеринарлық блок, көмекші бөлмелер, 310 көлікке арналған кең тұрақ кіреді. Трибунаның жоғары қабатында ашық терраса бар.
Ойындар мен жарыстар үшін жылқылар мен шабандоздардың қауіпсіздігі үшін арнайы амортизациялық қоршаумен қоршалған ұзындығы 2012 метр жарыс жолы, көкпарға, атпен секіруге арналған алаңдар қарастырылған. Сондай-ақ, қабырғалары кварцты құм мен табиғи тастармен безендірілген. Әлемдік стандарттарға сай салынған ипподром Шымкенттегі халықаралық спорт және ойын-сауық жарыстары өтетін орындардың бірі.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Алматы тас жолы, 21/24
Көрме орталығы
Сипаттамасы: «Көрме орталығы» - көлемі 2000 мың шаршы метрді алатын мамандандырылған 2 қабатты көрме орталығы Шымкент қаласының жаңа әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан. Мұнда түрлі бизнес форумдар, туристік іс-шаралар, сонымен қатар Оңтүстік пен алыс жақын шетелдерде өңдірілген ауылшаруашылық тауарларының көрмелері, жәрмеңкелер өткізіледі. Көрме орталығы ауқымды іс-шаралар өткізу үшін заманауи талаптарға сай қондырғылармен жабдықталған. Сондай-ақ көрмелер мен экспозицияларды тек ғимарттың ішінде ғана емес, соның алдындағы алаңда да орналастыруға болады.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Нұрсәт шағын ауданы
Наурыз алаңы
Сипаттамасы: Шымкентте қаланың шырайына шырай қосқан көрікті мекендердің қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Сондай сәулетті орындардың бірі – «Наурыз» алаңы. «Наурыз» алаңы 1 гектардан астам аумақты қамтиды. Облыстық бюджет есебінен қаржыландырылған бұл нысанға 100 млн. теңге жұмсалған. Бұл аумақта «Ауылым – алтын бесігім» атты барельефті композициясы, қазақтың салт-дәстүрін көрсететін «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші» кейіптері көрсетілген сәулеттік декоративтік элементтер орналастырылған.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Қайтпас 1 шағын ауданы
Опера және балет театры
Сипаттамасы: «Опера және балет театры» Шымкент қаласының мақтан тұтатын бірден-бір мәдени нысандарының бірі. Театрдың ашылғанына көп уақыт өтпегендіктен бүгінгі таңда бұл ҚР ең жас театр болып табылады. Шымкенттегі опера және балет театры ғимаратының сырты мен ішкі жағы қазақ ұлттық стилінде безендірілген. Концерттік залдың сыйымдылығы 350 орынды құрайды.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Асанбай Асқаров көшесі 43/2
Орыс драма театры
Сипаттамасы: Орыс драма театрының жаңа, әрі қызықты қойылымдарды, алуан түрлі репертуары қала мәдениетін дамытуға, балалармен қатар ересектерді де тәрбиелеуге, қаланың мәдени өмірін байытуға бағытталған. Орыс драма театры спектакльдерді барша көрерменге паш ету мақсатында еліміздің өзге өңірлеріне жиі шығады. Орыс драма театры 1929 жылдың қараша айында ашылған.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Әл-Фараби алаңы 4/2
Түркістан салтанат сарайы
Сипаттамасы: Түркістан салтанат сарайы- бұл халықаралық және республикалық шаралар, конференциялар, салтанатты кештер мен концерттер өтетін, 1420 орындық залы бар ғимарат. Ғимарат заманауи стандарттарға толық сай келетін және мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайланып салынған. Түрлі салтанатты шаралар ұйымдастыруға лайықталған «Түркістан» салтанат сарайының жалпы көлемі 8,5 мың шаршы метрді құрайды. Салтанат сарайында орнатылған құрал-жабдықтар үлкен масштабтағы концерттерді өткізуге мүмкіндік береді. Ал екінші қабатта жекеленген вип ложалар бар.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Нұрсәт шағын ауданы Астана 14
Цирк
Сипаттамасы: Цирк 2011 жылы 17 желтоқсанда ашылған. Мекеменің ғимараты ерекше дизайнымен көзге түседі. 1200 көрерменді бір уақытта қуанышқа бөлейтін мекеменің бүгінгі таңда 11 бөлімінде 145 қызметкер; клоундар, акробаттар, балуандар мен фокусшылар жұмыс істейді. «Цирк» мекемесінің ашылуы Шымкентте халықаралық деңгейде танылған цирк ұжымдарының гастрольдерін ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Момышұлы даңғылы, 20г
Шәмші әлемі
Сипаттамасы: Әл-Фараби ауданына қарасты “Көл” маңындағы жаңадан салынған аллеяға – “Шәмші әлемі” ша­ғын­бағы деп атау берілді. Бұл әсем атау енді ғасырлар бойы ха­лыққа қызмет ете бермек. “Шәм­ші әлемі” шағынбағында көп­теген облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар, фести­валь­дар мен тағы басқа да түрлі жарыстар өткізілуде. Бұл қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына орайластырылып ашылған аллея.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Түркістан - Ташенов көшелерінің қиылысы
Tulip Hall
Сипаттамасы: Шымкент қаласының көркін келтіріп тұрған, Шымсити шағынауданында орналасқан мәдениет ошағы. Мұнда көптеген концерттік шаралар, жиындар мен кездесулер өткізіледі. ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша салынған үш қабатты ғимараттың ауданы 17 964 шаршы метрді құрайды. Концерт залының сыйымдылығы-2 066 орын. Сонымен қатар, 190 адамға арналған мәжіліс залы бар.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Алатау батыр көшесі, 101/1
А.Пушкин кітапханасы
Сипаттамасы: Ғасырдан астам тарихы бар А.Пушкин кітапханасы 1899 жылы А.С.Пушкиннің 100 жылдық мерекесі қарсаңында өлкетанушы Н.Лыкошиннің растауымен Шымкентте ашылып, кешегі күнге дейін қаншама оқырмандарға қызмет жасап келді. Қазіргі таңда өзгеше келбетке еніп, келушілерге жаңа қызмет түрін көрсетпек. Қазіргі ғимараты, Қазыбек би көшесінде, бұрынғы тарихи-өлкетану музейдің орнында.

Мекенжайы: Шымкент қ, Қазыбек Би көшесі, 13а
Бейісбековтер отбасының «Алтын орда» жеке көркем сурет галереясы
Сипаттамасы: Қазақстан қолөнершілер одағының бөлімшесі «Бейісбековтер отбасының «Алтын орда» жеке көркем сурет галереясы» ата бабамыздың дәстүрлі тәсілімен таза табиғи шикізаттардан жасалған қазақ қолөнер бұйымдарын жасайды. Атап айтқанда: аяқ киім, бас киім, қамшы, үйтұмар, тұсау кесу жібі, кәдесыйлар және т.с.с бұйымдар. Қолөнер бұйымдарының орталығында кілем тоқу, алаша тоқу, киіз басу және кестелеу тәсілімен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып тұрады. Ауданы: 700 ш/м.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, 112 орам, Қ. Эссениязов көшесі 61 үй
Жастар ресурстық орталығы
Сипаттамасы: Жастар саясатын үйлестіру мақсатында Жастар ресурстық орталығы қала жастарына жан-жақты қолдау білдіріп, жастардың бастамаларын жүзеге асыру бағытында қызмет көрсетеді. Ғимаратта 18 кеңселік кабинет, 600 орындық зал қарастырылған. Орталықта жастарға арналған үйірмелер мен диалогтық алаңша ұйымдастырылған. Орталықтың қызметін 80 мыңнан астам жастар тұтынып келеді.

Мекенжайы: Шымкент қаласы. Түркістан көшесі 1
Мұз сарайы
Сипаттамасы: Бұл үлкен спорт кешенінің жалпы ауданы 1800 шаршы метр, мұз алаңы мен сыйымдылығы 2000 адамға арналған көрермен залынан тұрады. Мұнда коньки тебу және конькиді жалға алуға болады. Мұз айдынында жақсы техникалық жабдықтар мен заманауи мұздатқыш машиналарының арқасында мұз айнадай жағдайында үнемі ұсталып тұрады.
Мұз сарайы қысқы спорт түріндегі жарыстарға, сонымен қатар үлкен концерттерге, көрмелерге және форумдарға қолайлы.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Желтоқсан көшесі 15/2
Шанин атындағы Облыстық драма театры
Сипаттамасы: Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры-көрермендерге өзінің жаңа ғимаратының есіктерін 2014 жылы ашты. 500 орынға лайықталған ғимарат театрға қойылатын барлық халықаралық талаптарға жауап береді әрі қажетті құралдармен жабдықталған. Сахнаның биіктігі талапқа сай 30 метрді құрайды.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Назарбаев даңғылы, 6
Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры
Сипаттамасы: Шымкент қаласында қуыршақ және жас көрермендер театры 1983 жылы ашылды. 41 жылдық тарихы бар театр репертуарында бүгінде отандық және шетелдік авторлардың қазақ және орыс тілдерінде 150-ге жуық қойылымы бар. Олар: А. Файзуллаұлының «Керқұла атты Кендебай», А.Малюченконың «Бақыт құсы», О.Әубәкіровтың «Былғары және спорт», Н.Гернеттің «Аладдиннің сиқырлы шамы», С. Гереметтің «Теремок». Маршак және басқа да көптеген қойылымдар.
Театр маусымында қалалық қуыршақтар мен жас көрермендер театры гастрольге шығып, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қойылымдар қояды.
Қуыршақ театрының ғимараты 1914 жылы салынған басында православ дінінің шіркеуі ретінде қызмет көрсеткен.

Мекенжайы: Шымкент қ, Қазыбек Би көшесі, 34
Өзбек драма театры
Сипаттамасы: Өзбек драма театры Сайрам тұрғын алабында 2003 жылдың 14 наурызында құрылды. Өзбек театрының репертуары жыл сайын классиктер мен қазіргі заманғы драматургтердің жаңа комедия, драма, трагедияларымен толығуда. Юморлық көріністер негізінен өмір шындығынан алынып, жергілікті әзіл-қалжыңдар пайдаланылатындықтан жұртшылықтың ерекше қызығушылығын туғызады.

Мекенжайы: Шымкент қ, Ибраһим Ата көшесі, 118/2
Made on
Tilda